Түркістан облысында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы биыл жаңа форматта ұйымдастырылып, ұлттық дәстүрлер заманауи цифрлық технологиялармен ұштастырылды. Өңірде мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру барысында инновациялық шешімдер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдануға ерекше көңіл бөлінді.
Жалпы облыс аумағында 350-ге жуық мәдени-көпшілік іс-шара өткізіліп, оларды офлайн форматта 300 мыңнан астам тұрғын мен қонақ тамашалады. Сонымен қатар мерекелік бағдарламалар әлеуметтік желілер мен ақпараттық платформалар арқылы кеңінен насихатталып, онлайн кеңістіктегі жалпы қамту 2 миллионнан астам пайдаланушыға жетті.
Мерекенің басты ерекшеліктерінің бірі – ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық дәстүрлерді заманауи IT-шешімдер арқылы жаңа қырынан таныстыру болды. Бұл мақсатта өңірде 10-нан астам цифрлық жоба іске асырылып, интерактивті алаңдар мен технологиялық шешімдер көпшілік назарына ұсынылды.
Наурыз мерекесі аясында облыс аумағында 100 тақырыптық киіз үйден тұратын этноауыл ұйымдастырылып, келушілерге қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлері кеңінен таныстырылды. Мерекелік шаралардың мазмұнын байытуға мәдениет және өнер саласының 250-ден астам өкілі атсалысты.
Олардың қатарында танымал өнер жұлдыздары – RaiM, Ерке Есмахан, Төреғали Төреәлі және KeshYou тобы бар. Өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламалар көрермендерге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар мерекелік алаңдардың көркемдік безендірілуіне ерекше мән берілді. Өңірде орнатылған 167 LED-экран мен баннер мерекелік іс-шараларды визуалды тұрғыда толықтырып, Түркістанның бай тарихи мұрасы мен заманауи технологиялық мүмкіндіктерін үйлестіре көрсетті.
Осылайша, Түркістан облысында ұйымдастырылған Наурыз мерекесі ұлттық дәстүрлер мен цифрлық инновациялардың үйлесімін көрсетіп, мерекені жаңа деңгейде атап өтудің тиімді үлгісін қалыптастырды.
