Жаңару күні аясында Түркістан облысында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған үндеуден кейін қолға алынып, Президент бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылды.
Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келген экологиялық шараның маңызы ерекше. Өйткені Ұлыстың ұлы күні – табиғаттың жаңарып, қоршаған ортаның қайта түлейтін кезеңі. Осыған орай Наурызнама аясындағы Тазару күніне сәйкес өңірде табиғатты қорғауға бағытталған ауқымды іс-шаралар өткізілді.
Акцияның негізгі бөлігі облыстың шығыс қақпасы саналатын Түлкібас ауданында өтті. Табиғаты ерекше көркем бұл өңір Қаратау мен Алатау жоталарының түйіскен тұсында орналасқан. Түлкібас аймағы мөлдір бұлақтары мен өзендері мол табиғи өңір ретінде танымал. Мұнда жеті өзен бастау алып, жүзге жуық бұлақ көзі халық игілігіне қызмет етіп келеді.
Экологиялық акцияға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңір басшылығы, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, еріктілер мен белсенді жастар қатысып, табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстарға белсенді атсалысты.
Шара барысында Әулие бастау бұлағының көзі тазартылып, оның айналасы абаттандырылды. Сонымен қатар табиғат көркін арттыру мақсатында бұлақ маңына ағаш көшеттері отырғызылды.
Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Мөлдір бұлақ» акциясының маңыздылығына тоқталып өтті. Оның айтуынша, бұл бастама тек бір күндік шара емес, болашақ ұрпаққа таза табиғатты аманат етуге бағытталған жүйелі жұмыс.
«Бүгінде су ресурстарын сақтау мәселесі ерекше өзекті. Сондықтан бұлақ көздерін ашу, оларды тұрақты түрде тазалап, қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Халқымыздың “Бұлақ көрсең, көзін аш” деген даналығы осы бастаманың мәнін айқындайды», – деді Нұралхан Көшеров.
Айта кетейік, өңірде өткен акцияға 1500-ге жуық адам қатысты. Алдағы уақытта облыс аумағындағы 1500-ге жуық бұлақтың көзін ашу жоспарланып отыр.
Экологиялық акция табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаны аялауға бағытталған маңызды бастама ретінде жалғасын табады.
