Бүгін ауданның екі тұрғыны – Шәуілдір ауылының тұрғыны Мырзахан Тоғжан Пернебайқызы және Арыс ауылының тұрғыны Бексұлтанова Нұрайлым Серікқызы алғаш рет референдумға қатысып, азаматтық құқықтарын пайдаланды.
Мырзахан Тоғжан Пернебайқызы №520 дауыс беру учаскесінде, ал Бексұлтанова Нұрайлым Серікқызы №507 учаскесінде өз таңдауларын жасады. Ерекшелігі – дәл бүгін екі жас та 18 жасқа толып, еліміздің толыққанды азаматы ретінде референдумда алғаш рет дауыс беру мүмкіндігіне ие болды.
Маңызды саяси науқанға алғаш рет қатысқан жас сайлаушылар үшін бұл күн өмірлеріндегі ерекше әрі жауапты кезеңдердің бірі болды. Референдум учаскелерінің қызметкерлері оларды жылы қарсы алып, алғашқы дауыс беру сәтін құттықтап, естелік сыйлықтар табыстады.
Жас сайлаушылар өз пікірлерін білдіру арқылы ел болашағына қатысты маңызды шешімдерге үлес қосуға мүмкіндік алғандарын атап өтті. Олардың айтуынша, референдумға қатысу – әрбір азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігін көрсететін маңызды қадам.
Жалпы, Отырар ауданында референдум учаскелері штаттық режимде жұмыс істеп, тұрғындар белсенді түрде дауыс беріп жатыр. Ал жас сайлаушылардың алғашқы қадамдары олардың азаматтық белсенділігін қалыптастырып, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуына жол ашады.
