Бүгін елімізде жаңа Конституция жобасын қабылдауға байланысты республикалық референдум өтіп жатыр. Маңызды саяси науқанға Түркістан облысының тұрғындары белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауда.
Халқы тығыз орналасқан әрі түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан өңірде дауыс беру учаскелерінде азаматтардың белсенділігі жоғары. Барлық учаскелерде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалып, тұрғындар ерекше рухпен дауыс беріп жатыр. Бұл – ел болашағына деген жауапкершіліктің және мемлекетке деген құрметтің айқын көрінісі.
Сонымен қатар, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері де референдумға белсенді қатысып, азаматтық ұстанымдарын білдіруде. Әртүрлі этнос өкілдерінің бір мақсат жолында бас қосуы – еліміздегі татулық пен қоғамдық келісімнің нақты дәлелі.
Жалпы, Түркістан облысында референдум учаскелері қалыпты режимде жұмыс істеп, тұрғындар маңызды саяси науқанға белсенді түрде қатысуда.
