Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
ЖаңалықтарҚоғам

САУРАН АУДАНЫНДА КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМАЛАРДЫҢ МАҢЫЗЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Сауран ауданының тұрғындарымен кездесті. Ескі Иқан ауылдық мәдениет сарайында өткен жиынға аудан тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері мен жастар қатысты. Кездесуді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізді.

Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың маңызы мен ел дамуының жаңа кезеңі туралы кеңінен айтылды. Әсіресе, конституциялық өзгерістердің мәні, оның мемлекет тұрақтылығын нығайтудағы және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы рөлі түсіндірілді.

Кездесуде сөз сөйлеген Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі мақсаты – мемлекеттілікті нығайту, тәуелсіздікті күшейту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру екенін атап өтті. Сонымен қатар жаңа конституциялық бастамалар билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті жетілдіріп, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.

Іс-шара барысында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, «AMANAT» партиясы Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков, белсенді жас Естай Аман және Сауран аудандық Өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Құрманбай Рысбеков сөз сөйлеп, елдегі саяси реформалардың маңыздылығы жөнінде өз пікірлерін білдірді.

Шара аясында мәдени бағдарлама ұйымдастырылып, аудан өнерпаздары өнер көрсетті. Атап айтқанда, «Алқоңыр» ансамблі «Көңілашар» күйін орындап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Ашық пікір алмасу форматында өткен кездесу барысында қатысушылар реформалардың мазмұны мен оның қоғам дамуына ықпалы жөнінде ой бөлісті. Мұндай кездесулер азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және мемлекет жүргізіп отырған бастамаларды кеңінен түсіндіруге мүмкіндік береді.

Жиын соңында қатысушылар жаңа конституциялық өзгерістер елдің тұрақты дамуына негіз болатынын атап өтіп, мемлекет жүзеге асырып жатқан реформаларға қолдау білдірді.

Ұқсас жазбалар

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТІҢ ӘЛЕУЕТІН КӨТЕРУ БАҒЫТЫНДА ТАПСЫРМАЛАР БЕРІЛДІ

Admin

ТҮРКІСТАН: ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ МӘЛІК ОТАРБАЕВ ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Admin

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІНЕ 46 ЖАҢА ТЕХНИКА ТАПСЫРЫЛДЫ

Admin