Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровті қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары жөнінде есеп тыңдады.

Кездесу барысында облыс әкімі өңір экономикасында оң динамика қалыптасқанын атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысының экономикалық өсімі 113,9 пайызды құрады. Мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдері 1 триллион теңгеге дейін артқан.

Сондай-ақ өткен жылы аймаққа 1,7 триллион теңге инвестиция тартылған. Оның ішінде 1,4 триллион теңгесі – жеке инвестициялар. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1,4 миллиард долларға жеткен.

Әкімнің мәліметінше, былтыр жалпы құны 340 миллиард теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, нәтижесінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған.

Қазіргі уақытта облыс аумағында 21 индустриалдық аймақ жұмыс істейді. Сонымен қатар «Turan» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 315 миллиард теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асырылып жатыр.

Ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар маңызды жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, мақта-тоқыма, жүгері және ет өндірісі кластерлері дамып келеді. Бұл жобалар толық іске асқан жағдайда 2027 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі қосымша 479,5 миллиард теңгеге ұлғаяды деп жоспарланып отыр.

Облыс әкімі соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарғанын айтты. Сонымен қатар еңбекпен қамту шараларына 148 мың адам тартылып, өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құраған.

Кездесу барысында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарын салу, жол инфрақұрылымын дамыту, газдандыру және елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстар туралы да баяндалды.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы өңірге инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы мен өндіріс салаларын дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.

Ұқсас жазбалар

ТҮРКІСТАНДА АШЫҚ АЛАҢ ОЙЫНДАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Admin

ТҮРКІСТАНДА МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІ ӘНҰРАН ШЫРҚАЛЫП, ТУ КӨТЕРІЛДІ

Admin

ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ РЕФЕРЕНДУМ БОЙЫНША ЭКЗИТ-ПОЛЛ НӘТИЖЕЛЕРІМЕН ТАНЫСТЫ

Admin