2022 жылы ҚР Үкіметі тарапынан баспана жағдайын жақсарту шараларының бірі ретінде үйді жалдау ақысын субсидиялау енгізілген. Ереже бойынша жалға алынған тұрғын үй төлемінің 50 пайызы – мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен, ал қалған жартысы қызмет алушылардың есебінен төленеді.
Субсидия алу үшін мемлекеттік қолдаудың 4 санаты бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар «Отбасы банк» арқылы өтініш бере алады:
* І және ІІ топтағы мүгедектер;
* мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
* жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
* көп балалы отбасылар.
Жеңілдікті алу үшін қойылатын талаптар:
* Қазақстан Республикасының азаматтығының болуы;
* отбасының (азаматтың) соңғы 6 (алты) айдағы жиынтық табысының отбасының әр мүшесіне қоса алғанда ең төмен күнкөріс деңгейінің 1 еселенген мөлшерінен аспауы;
* ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес санаттар бойынша баспана кезегінде болуы.
Қағидаға сәйкес, субсидия сомасының 80% – республикалық бюджеттен, 20% жергілікті бюджеттен төленеді.
2025 жылы 4 394 отбасы жалпы сомасы 540 млн теңге субсидиямен қамтылған болатын. Тұрғын үй басқармасы жүргізген мониторинг нәтижесінде 1 191 азаматтың субсидиясы тоқтатылып, 1 053 азаматтың баспана жалдау мерзімі аяқталған. Қазіргі таңда 2150 азамат субсидиямен қамтылуда.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
