Округте 4 орта мектеп, 5 емдеу мекемесі, 7 сауда нүктесі, Мәдениет үйі, кітапхана, байланыс бөлімшесі, бірнеше кәсіпкерлік нысан және егіншілікпен айналысатын шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Тұрғындардың басты күнкөрісі – егін және мал шаруашылығы. Ауылдық округтің жалпы жер көлемі 4478,5 гектар болса, оның 4209,4 гектары суармалы алқап. Биыл округ диқандары 3385 гектар жерден 9470 тонна мақта, 704 гектардан 19712 тонна бақша өнімін, 269,4 гектардан 1345 тонна көкөніс, 60 гектардан 300 тонна дәндік жүгері жинады. Жылыжай, тамшылатып суару, бір жерден 2-3 өнім алу бойынша жоспар жүз пайыз орындалды. Ауыл тұрғындары лизинг әдісімен 8 жаңа техника сатып алып, игілігін көруде. Көктемгі дала жұмыстары үшін 15 шаруа қожалығы 41,8 миллион теңге несие алып, шаруасын түзеді. Мемлекеттік бағдарлама аясында бір азамат 1 380 000 теңге қайтарымсыз грант иеленді. Округте ПУИИД-2 бағдарламасы бойынша тиісті жұмыстар атқарылып, каналдар бетондалып, қайта жаңғырды. Бұл ауқымды құрылысқа 9 914,0 миллион теңге қарастырылған. Округ тұрғындары 4955 ірі қара мал, 1915 жылқы, 1462 қой мен ешкі, 6856 құс ұстайды. Малды жұқпалы аурулардан сақтау, оның алдын алу мақсатында вакцинациялау, қораларды зарарсыздандыру жұмыстары тиянақты атқарылды.
«Ауылына қарап, азаматын таны» деген емес пе, округтегі елді мекендерді аралап шыққанда округ әкімі М.Битеміровтің көркейту, көгалдандыру, санитарлық тазалық, инфрақұрылым жұмыстарына баса көңіл бөлетінін байқадық.
Ауылдық округтегі 7 елді мекеннің 6-уы толық табиғи газбен қамтылған. Бұл – жақсы көрсеткіш. Тұран ауылына газдандыру бойынша аудандық бюджеттен 7,0 миллион теңге қаралып, елді мекендегі ішкі газ жүйелерінің құрылысына «МПК Проект» ЖШС тарапынан жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Сметалық құны – 82,5 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарына қажетті қаржыны бөлдіруге облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына ұсыныс берілген.
Ауыз су бойынша республикалық бюджеттен 517,0 миллион теңге қаралып, Жаңа жол елді мекенінің ауыз су жүйесін қайта құру жұмыстары жүргізілді. Оның жалпы ұзындығы – 30 шақырым, онда 76 жәшік қойылды. Мердігер мекеме – «Jana KZ QURYLS» ЖШС.
Ауылдың ажарын оның жолы кіргізеді. Бұл ретте де ауылдық округте бірқатар жұмыстар атқарылған.
Келер жылы Төрткүл ауылында 4 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Төрткүл ауылына демеушілер есебінен 1500 метр жерге 400 түп шырша көшеті егіліп, заманауи шарбақпен қоршалған. Сонымен қатар биыл күзде ауылдық округ аумағында 1750 түп ағаш егілген.
Ауылдық округте 32 көшенің 29-ын жарықтандыру ауыл тұрғындарының демеушілігімен жүргізілді. Сондай-ақ, демеушілер жәрдемімен Үлгілі елді мекеніндегі көп балалы, жалғызілікті ана Палданай Жұмабекованың отбасына 12 000 000 теңгеге жаңа үй салынды. 2,5 миллион теңгеге жеке тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Округтегі демеушілер күшімен ҰОС жауынгерлерінің ескерткішіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Әрбір елді мекенге екі көлік аялдамасын салу қолға алыныпты. Бұл да өте құптарлық бастама.
Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша тұрғындарға 2,5 пайыз жеңілдікпен 276,675 миллион теңге несие беріліп, бір кооператив құрылып, жылыжай бойынша – 17, сүтті бағытта – 22, қызмет көрсету бағытында 3 азамат кәсібін бастап отыр.
– Тұрғындар санының өсуіне байланысты ауылдарда жолдарды асфальттау, электр жарығын жақсарту, мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз ету, шағын және орта бизнесті дамыту ісінде әлі де атқарылар істер аз емес. Олар алдағы уақыттың еншісіндегі тірліктер. Елдің ырысы да, берекесі де – татулығында. Ең бастысы, округ тұрғындарының ынтымағы, ауыз бірлігі кісі қызығарлықтай. Халқымыз еңбексүйгіш, бейнетқор, табыстың тек еңбекпен келетінін жақсы түсінеді, – дейді ауылдық округ әкімі Молдабек Битеміров.
Елді толағай табыстарға жетелеп, ынтымақ, бірлігін ұйыстырып отырған ауыл округі әкімінің жақсы істеріне риза болдық.
