Қатпар-қатпар тарихтан сыр шертіп бебеулеп сөйлейтін ерлік жыры біздің қанымызда бұрқырап жатыр. Сананың жасырын түйсігі селк етіп, түйсіне қалып құмарлана береді. Сүйтеді де ұлы бір жауапкершіліктің жүгін арқалағандай болады. Міне бұл сезім бабалардың қанымен келе жатқан ғажайып құбылыс. Ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отыратыны аманат.
Ол махаббат жай ғана форма болмайтыны анық. Сан мың жылдық тарих дәлелдеп берген, тіл бейнелеп жеткізе алмайтын ұлы дүние. Қарап отырсаңыз қарапайым айтыла салатындай. Бала кезімізде «Отан оттан да ыстық» дейтін даналық ойды көп естідік. Онда даналық деуден гөрі басқа ой басым болды. Біз бала қиялмен сараладық қой. О, тоба оттан да ыстық қандай дүние бар екен дедік. Тіпті жалыны шарпып тұрған ерекше дүние шығар деп болжам да жасадық. Кей кездері «Отанды сүю – отбасынан басталады» деп байыптай сөйлейтін үлкендер сөзіне таңғалдық. Ондағы таңғалу екі ұшты ойдан туды. Өзі оттан ыстық қандай дүние деп анықтай алмай жүргенде, оны сүю деген нәрсе қосылды. Сонда отты сүюге болады ма, ал оттан неше есе ыстық дүние болса қалай сүймекпіз таласы тұрды. Сол тұстағы жауабы жоқ қиын сұрақ осы деуге болатындай.
Ат жалын тартып азамат болдық. Маңымызға барлай қарап, бағамдай бастадық. Балалық шақта байыбына бойлай алмай жүрген көп дүниенің жауабын таптық. Кейбіріне қатты ұялдық. Енді біріне мырс етіп күлдік те, қайран балалық-ай дедік.
Ал Отан жайлы санамыз биік өреге көтерілді. Тамырды тереңге жіберіп шынайы түйсіндік. Біздің бойымызда тулап жатқан рухтың отанмен байланған тағдырын таныдық. Бірден көзіміз көк туға түсті. Алаулап атқан таңнан, манаурап батқан кешке дейін шұғыласын шашып тұрған күн нұрына сүйсіне қарадық. Күннің астында қанатын жайып қалықтай ұшқан қыранды көрдік.
Көрдік те таныдық. Дала тағысы ішіндегі шебер жаратылған осы бір құстың батырлығын, айлакерлігін, теңдессіз ширақ қимылдарын еске алдық. Анғы дұшпанынан жеңілмеген, асқақ мұратынан қайтпаған аспан еркесі екені ойға келді. Тудың сабындағы ұлттық өрнек арқылы бабалар дәстүрінің сара жолын, толып жатқан ерекшеліктерін еске түсірдік. Салты мықтының халқы мықты ұғымының мәнін шынайы түсіне алдық. Осылай ойлар керуені жалғасып, отанға махаббатымыз көк байрақ арқылы кемелдене берді. «Таласқа түссе жан мен ту, жан емес маған керегі» дейтін ән мәтінін сырлы әуеніне ілесе шырқадық. Әлем елдері төрінде көк ту желбіресе қуанышқа бөлендік. Бойымызды шаттық кернеп марқайдық. Осындайда тудың авторы Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбековтей егей ер әруағына бас ұрдық.
Дүниенің жүйрік спортшылары анықталатын олимпиадаларда талай мәрте көк байрағымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалды. Сондағы спорт шеберлерінің көзінен қуаныш жасы қалай аққаны, халықтың қалай алақайлағаны жадымызда. Ондағы қуаныштар сөзбен бейнеленбек емес. Білетініміз ту мен әнұранның әсері. Жасырын күш болып, бейнелі түрде өр-жігерге айналатын шексіз құдыреті. Осы белгісіз күшті тереңдеп пайымдап көрейікші.
Әдетте әнұран шырқалған сәттер көз алдыңа қазақтың шежіреге толы даласы, тарихы қашалған тау-тасы, шөліңді басатын өзен-көлдері, сарығыңды басатын сахарасы лентадай шұбырады. Байлығы ұшан-теңіз, дәстүрі тағылымға толы, меймандос ел елестейді. Шәмші Қалдаяқовтың әніне, Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған мемлекеттік гимнін айтқан үстіне айта бергің, шырқаған үстіне шырқай бергің келеді.
Ел туралы тағы шыңырау ойға батасың. Жаһандық көшке ілесіп өз әлемін жасап жатқан Қазақстан туралы өзіңше толғанасың. Осындай толғамдар жетегінде отырғанда мемлекеттік елтаңба тағы сілкіндіреді. Жоғарғы бөлігіндегі бес бұрышты көлемді жұлдыз бен төменгі бөлігіндегі «Қазақстан» деген жазу сені сенімге бастайды. Кешегі бабалар сенген біз не істедік, не істей аламыз деген сұрақтар бой көрсетеді. Атаулы жазу жігеріңді жани түседі. Тарихы ұзақ ел екеніңе, жай ел емес тылсым дүниенің табиғатын тани білген көреген бабаларың болғанына көзің жетеді. Дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленіп, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап шашылған уықтарды тіпті жақсы көріп кетесің. Шаңырағың биік болып, еліңе уық болып қадал дейтін батаның мәнін шындап түсінгендей күй кешесің. «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» дейтін ұғымға үнсіз бас иесің де, еліме бата дарыса екен деп іштей тілейсің. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына орналасқан аңыздағы қанатты пырақтарға («Қазақстан» жазуы, жұлдыз, шаңырақ, уық, аңыздағы пырақтар бейнесі алтын түстес) емірене қарайсың. Қарайсың да аңыз бен ақиқатқа толы ертегілер әлеміне қанат қағасың. Эпостар сөйлеп, батырлар жыры құлағыңда жаңғырады. Елің өшпес тарихы осы арқылы бүгінге жеткендей, өлгенің тірілгендей тамаша сезімде боласың.
Жоғарыдағы сезімдер арпалысы елге деген терең сүйіспеншіліктің, теңдессіз махаббаттың айғағы. Бұл күнде Отанға махаббаттың бір көрінісі ретінде мемлекеттік рәміздерге деген құрметті атауға болады. Нақтылап айтқанда мемлекеттік рәміздерді сүю Отанды сүюдің шыңы немесе бастау көзі. Оны жай ғана сөз жүзінде емес, шынайы ісіңмен дәлелдеу ләзім. Бейбіт күнде қолыңа қару алып жауға шаппасың белгілі. Бірақ айтып келмейтін тосын жағдайда дайын екенімізді, еліміздің бір уыс топырағын, бір тал тасын, керек болса бір тал шөбіне дейін қорғай алатынымызды көрсетуге әрекет жасау маңызды. Отан үшін отқа түсуден қорықпайтын қайсарлық рәміздерді қадірлеуден бастау алатынын терең бағалауымыз оң болмақ.
Ү.БАҒДАТ.
