Түркістан облысы Сарыағаш ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен, 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай, «Мемлекеттік рәміздер» автошеру ұйымдастырылды.
Сарыағаш қаласы Төле би алаңынан бастау алған 16 автокөліктен бастау алған автошеру қаланың басты көшелерін аралап, Мемлекеттік рәміздер алаңына дейінгі көшелерді жүріп өтті.
Сонымен қатар,жүгіру марафонына 200- ге жуық қатысушы Самал мөлтек шағын ауданының басты көшесінен бастау алып, «Ана мен бала » саябағына дейінгі аралықта мәрені жүгіріп өтті.
Төле би алаңынан бастау алған автошеру қаланың басты көшелерінен бастау алып, Самал шағын ауданына дейінгі көшелерді жүріп өтті. Шараның мақсаты – Мемлекеттік Рәміздерімізді жастар мен жасөспірімдер арасында кеңінен насихаттау.
Сондай-ақ, Мемлекеттік рәміздерді аудан тұрғындары арасында кеңінен насихаттау мақсатында, Самал ықшам ауданындағы Естемесов көшесінен велошеру жүріп өтіп, рәміздерді ұлықтаған ұлттық киімдегі атты шерумен жалғасты.
Мемлекеттік рәміздер халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығымен даналығын, болашаққа үмітін, арман тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Желбіреген аспан түстес байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатып, туымыз биіктен желбіреп, Елтаңбамыз нышанымыз болып, Әнұранымыз әрқашанда шырқала берсін. Елдіктің нышаны болған Мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесі жоғары болып, бейбіт елдің көгінде асқақтай берсін.
Айта кетейік, Сарыағаш ауданы әкімі Арман Абдуллаев аудан тұрғындарын мерекемен құттықтаған болатын: «Құрметті жерлестер, ардақты аудан тұрғындары! Баршаңызды ел тарихындағы айтулы мерекелердің бірі – Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекеттік рәміздер – әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдірумен қатар, тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін айшықты белгілер. Еркіндігіміздің Көк байрағы көкте желбіреп, Елтаңба төрде орнығып, Әнұран шырқала орындалғанда, ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған елдік қалпымыз бен сүттей ұйыған тірлігімізге шүкіршілік айтып, толқымайтын жан, селт етпейтін көңіл жоқ шығар.
Біздің тағылымды тарихымыздан сыр шертер мазмұны терең нышандарымыз кешегі өткенімізді айшықтап, ертеңгі мақсатымызды айқындап тұр. Түптеп келгенде рәміздердегі нышандар арқылы ұлтымыздың әлем алдындағы бейнесі қалыптасады. Сондықтан, әрбір Қазақстан азаматы үшін мемлекеттік рәміздер – қастерлі!
Ұлттық патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге деген ыстық ықылас – адамның рухани болмысын айқындайтын асыл ұғым. Ал, Отанға деген сүйіспеншілікті әрбір жүрекке ұялататын елдің нышандары екені сөзсіз. Олай болса, Тәуелсіздік төсбелгісіне айналған рәміздерімізді құрметтеу, мақтан тұту әрбір азамат үшін қасиетті борыш.
Ел егемендігін алғаннан бастап шекаралық аумақта орналасқан Сарыағаш ауданы да өз тұғырынан түспей еңбек пен табыстың, татулық пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Бүгінде біздің жерлестеріміз де ата-баба дәстүрінен айнымай, туған жердің дамуына өз үлестерін қосуда.
Бүгінгі маңызды мерекеде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз баянды болсын. Ел еңсесі қашанда биік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, рәміздеріміздің мәртебесі биік болсын!», делінген құттықтауда.
