Қазақстанның тәуелсіз ел болып, әлем картасынан орын алғанына да отыз жыл болды. Осы жылдар ішінде талай тар жол, тайғақ кешуден өттік. Қол жеткізген табыстарымыз да жетеді, әттеген-айлар да аз емес.
Қасиетті тудың қадіріне жету – ұрпаққа аманат. «Mәңгілік ел» – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңақазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының ұлы құндылығы. Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінімізге мақтаныш та, ертеңгі күнге деген сенім де «Мәңгілік ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр.
Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, соны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы! «Мәңгілік ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан бірнеше ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркі жұртының мұраты – Мәңгілік ел» деп өсиет қалдырған. Демек, біздің жалпыұлттық «Мәңгілік ел» идеямыз көне тарихтан бастау алады. Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін – елдің бірлігі.
Ата-бабалар аманатына адалдық таныту баршамыздың да қастерлі борышымыз деп есептеймін.
Ләззат ТӨРЕХАНҚЫЗЫ, Түркістан жоғары медицина колледжі оқу бөлімінің меңгерушісі.
