Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Қоғам

Елдіктің бойтұмары

Ту, Елтаңба және Әнұран сынды мемлекеттік рәміздеріміз Қазақстанның тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сонымен қатар халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер.
Мемлекеттік рәміздерсіз тәуелсіз ел болмайды. Қазақстан да өз егемендігін жариялаған кезде оны, ең алдымен, тәуелсіз елдің саяси мәртебесін білдіретін Тәуелсіздік декларациясын қабылдау арқылы бекітті. Содан кейін күн тәртібінде мемлекеттік рәміздерді қабылдау мәселесі тұрды. Еліміздің тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба 1992 жылдың 4 маусымында қабылданды. Ал, Әнұран мәтіні сол жылдың 11 желтоқсанында бекітілгенінен оқырман қауым хабардар болса керек. Тәуелсіздігін енді жариялаған еліміз үшін мемлекеттік рәміздерді қабылдау, расында да, жеңіл бола қойған жоқ. Тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелер аса жауапты істі жан-жақты ізденіспен, мұқият дайындықпен қолға алды. Алдымен 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңестің Төралқасы мемлекеттік символиканы дайындау бойынша жұмыс тобын құру туралы қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес, арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері кірді. Көп кешікпей Елтаңба, Ту және Әнұран жобаларын жасауға конкурс жарияланды. Оған қатысушыларға күрделі әрі жауапты міндеттер жүктелді. Себебі, мемлекеттік рәміздер, әсіресе, тарихи, саяси және экономикалық символизмге сәйкес келуі тиіс болды.
Рәміздер жобаларын жасау конкурсына 600-ден астам адам қатысқан екен. Мемлекеттік ту эскиздері бейнеленген шығармашылық еңбектері бар түскен өтінім 1200-ді құраған. Сондай-ақ, конкурсқа болашақ Елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 суреттемесі және Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылыпты. Оған қоса, мемлекеттік рәміздерге байланысты термин сөздердің қазақ тілінде пайдалануына баса назар аударылды. Соның нәтижесінде, «елтаңба», «әнұран», «рәміз» сөздері бүгінде кеңінен қолданыла бастады.
Қазақстанның Мемлекеттік туы олимпиадалар мен түрлі халықаралық спорт жарыстарында талай мәрте желбіреді, Әнұранымыз да талай мәрте ойналды. Көк Туымыз ғаламшардың ең биік шыңдарына да, Арктика мен Антарктидаға да, тіпті ғарышқа да тігілді. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені, онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрінің көрінісі бар.
Мемлекеттік рәміздер жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде еліміздің Әнұранының мәтінін білмейтін жан кемде-кем. Ол насихаттың жемісі десек, қателеспейміз. Рәміздер балабақшаларда да, мектептерде де, жоғары оқу орындарында да, мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында да көрнекті орындарға орналастырылған. Балабақша бүлдіршіндері оң қолының алақанын жүрек тұсына қойып, «Менің Қазақстанымды» шырқағанда ерекше бір сезімге бөленетінің, жігерленіп қанаттанатының рас. Бұл ел болашағы – жастардың өз Отанын, өз жерін, өз елін қорғауға деген сезімін оятып, сенімін нығайтатыны анық. Бүгінгі балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушылары еліміздің Әнұраны мәтінін ата-аналарынан да жақсы біледі десек, асыра айтқандық емес.
Сүлеймен АРЫСТАНОВ,
Түркістан қалалық мәслихатының депутаты.

Ұқсас жазбалар

ТҮРКІСТАН: ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА 84 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Admin

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ ЕМЕС, НАҚТЫ ІС КЕРЕК»

Admin

БӘЙДІБЕК: МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Admin