Қанат Бозымбаев тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан шағын өндірістік парктерді құру тәжірибесін еліміздің өзге өңірлерінде енгізу жоспарлануда. Осы бағыттағы жұмыстарды зерделеу мақсатында өңірге Олжас Сапарбеков арнайы жұмыс сапарымен келді.
Іссапар барысында вице-министр Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбекпен бірге Сауран ауданында орналасқан «SAURAN» өндірістік паркін аралап көрді. Мұнда жаңбырлатып суғару технологияларын шығаратын «BNK Group», жиһаз өндіретін «Aqniet Holding», өндірістік тоңазытқыштар шығаратын «UBC групп» кәсіпорындары және басқа да бірқатар өндірістік жобалардың жұмыс барысы таныстырылды.
Сонымен қатар Сауран ауданының Яссы ауылдық округінде және Түркістан қаласында салынып жатқан шағын өндірістік парктердің құрылысы туралы мәлімет берілді.
Олжас Сапарбеков өңірде жүзеге асырылып жатқан шағын өндірістік парктердің жұмысын жоғары бағалап, бұл бастама шағын және орта бизнестің дамуына, сондай-ақ өңірдегі инвестициялық ахуалдың жақсаруына оң ықпал ететінін атап өтті.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өндірістік парктерді құру және онда жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалуы тұрақты бақылауда екенін жеткізді. Оның айтуынша, инвесторлармен тығыз байланыс орнатылып, жаңа өндірістерді іске қосу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
Жалпы, Түркістан облысының барлық аудандары мен қалаларында 214 гектар аумақта 25 шағын өндірістік алаң құрылуда. Бұл алаңдарда 258 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған ғимараттарда іске асырылатын 251 жоба бойынша келісімдер жасалған. Жобалардың жалпы инвестициялық құны – 192 млрд теңге.
Аталған жобалар іске асқан жағдайда 5 218 жаңа жұмыс орны құрылып, жылына 96 млрд теңгенің импортты алмастыратын өнімдері өндіріледі деп күтілуде.
Қазіргі таңда 50 өндірістік ғимараттың құрылысы толық аяқталған. Жобаларды кезең-кезеңімен іске асыру нәтижесінде өткен жылы 27 млрд теңгеге импортты алмастыратын тауарлар өндірілді. Қалған өндірістік ғимараттардың құрылысын ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығына дейін толық аяқтау жоспарланған.
