Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
ЖаңалықтарҚоғамМәдениетСаясатСпорт

Түркістанда халықаралық деңгейдегі заманауи атшабар ашылды

Наурыз мейрамы қарсаңында Түркістан қаласында халықаралық талаптарға сай салынған заманауи атшабар ресми түрде пайдалануға берілді. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ашылған маңызды спорт нысаны ұлттық спорт түрлерін дамытуға тың серпін беріп, еліміздің абыройын халықаралық деңгейде арттыруға қызмет етпек.

Жаңа атшабар тек өңір тұрғындары үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін маңызды спорттық орталыққа айналмақ. Мұнда ұлттық спорт түрлерінен әлемдік және республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге барлық қажетті жағдай жасалған. Қазіргі уақытта атшабар алаңында онға жуық ұлттық спорт түрінен халықаралық және республикалық жарыстар ұйымдастырылып келеді. Соның ішінде көкпардан өткен халықаралық бәсекеде әлем чемпионы анықталды.

Көктемнің жаңаруымен үндескен Ұлыстың ұлы күні жаңа атшабар аумағында кең көлемде аталып өтті. Мерекелік іс-шара барысында қазақ халқының салт-дәстүрлері кеңінен насихатталып, ұлттық мәдениетіміздің айшықты үлгілері көрсетілді. Сондай-ақ елімізге танымал өнер жұлдыздары мен өңір өнерпаздары өнер көрсетіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мереке қарсаңында өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанның тарихи және рухани маңызына ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы өз сөзінде Түркістанның қазақ мемлекеттілігінің алтын бесігі, ұлттық рухымыздың асқақ символы екенін атап өтті.

Сондай-ақ Президент қасиетті мекенде мәңгілік тыныс тапқан ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауи мұрасының бүкіл адамзатқа ортақ рухани құндылықтарды дәріптейтінін айтты. Түркістан топырағында қазақ халқының елдігін қалыптастырған хандар мен сұлтандардың ізі қалған. Сондықтан ұлттық болмысымызды дәріптейтін Ұлыстың ұлы күнін Түркі әлемінің рухани темірқазығы саналатын киелі Түркістан төрінде қарсы алу – үлкен мәртебе.

Наурыз мейрамы – жаңғыру мен тазалықтың бастауы, бірлік пен берекенің символы. Осы айтулы мереке әр шаңыраққа ырыс пен бақ-береке әкелсін.

Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Тәуелсіз Қазақстанның көк туы мәңгілік желбірей берсін!

Ұқсас жазбалар

Кітапханадағы келелі істер

Admin

ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕК АТА ЕЛДІМЕКЕНІНДЕ ЖАҢА ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР КӨПІРІ САЛЫНДЫ

Admin

ТҮРКІСТАНДА ҮЙРЕК ӨСІРУ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

Admin