Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Жаңалықтар

Түркістан облысында экологиялық бастамалар тұрақты дамудың негізгі тетігіне айналуда

Түркістан облысында қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар өңірдің тұрақты дамуына серпін беріп келеді. Санитарлық тазалықты сақтау, су ресурстарын ұтымды басқару, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығына су үнемдеу технологияларын енгізу – бүгінде облыстың экологиялық саясатының басым бағыттарына айналған.

Өңірде бұл жұмыстар «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кешенді түрде жүзеге асырылуда. Бағдарлама тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастырумен қатар, елді мекендердің тазалығын жақсартуға, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған нақты жобаларды қамтиды. Соның нәтижесінде аудан-қалаларда санитарлық тазалық тұрақты бақылауға алынып, инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып, экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары күшейтілуде.

Осы жұмыстардың нәтижесі Сарыағаш ауданында айқын көрініс табуда. Мұнда әр сенбі сайын жалпыхалықтық сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер мен қоғамдық орындарды тазалау, заңсыз қоқыс үйінділерін жою және абаттандыру шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың қатысуымен «Қапланбек» кеден бекеті мен оған іргелес аумақтардың санитарлық жағдайы зерделеніп, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару, жол жиектерін күтіп-ұстау және тазалық талаптарын сақтау бойынша жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді.

Санитарлық талаптардың сақталуын бақылау мақсатында құрылған жұмысшы топ тұрақты рейдтер ұйымдастырып, заң талаптарының орындалуына мониторинг жүргізуде. Сонымен қатар тұрғындар арасында тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары үздіксіз жалғасуда. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген елді мекендерді абаттандырудың жаңа үлгілік қағидалары бұл жұмыстардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуде су ресурстарын тиімді пайдалану ерекше маңызға ие. Түркістан облысында су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізіліп, өңір бұл бағытта республикадағы көшбасшы аймақтардың біріне айналды. Заманауи технологиялардың арқасында ауыл шаруашылығында су шығыны азайып, өнімділік артып келеді.

Мұның нақты мысалы – Сауран ауданының Жаңа Иқан ауылдық округіндегі қарқынды алма бағы. Жалпы аумағы 70 гектар болатын бақ толықтай тамшылатып суару технологиясымен жабдықталған. Бұл тәсіл су ресурстарын үнемдеп қана қоймай, ағаштардың өсіп-жетілуіне қолайлы жағдай жасап, жоғары өнім алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге шаруашылықта жеміс-жидектерді ұзақ мерзім сақтауға арналған заманауи қойма салынуда. Бұл жоба өнімнің сапасын сақтап, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.

Өңірде тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Бүгінде Түркістан облысындағы барлық 801 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Ал 2026–2028 жылдарға арналған жоспар аясында тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішін арттыру үшін жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Биыл Арыс, Сауран, Мақтаарал, Шардара және Қазығұрт аудандарындағы 10 елді мекенде тұратын 45,7 мыңнан астам тұрғынның мәселесін шешу көзделген. Сонымен қатар жаңа су нысандары салынып, тозығы жеткен құбырлар жаңартылып, су инфрақұрылымын цифрландыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда жастардың белсенділігі де ерекше рөл атқаруда. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыста ұйымдастырылған 415 сенбілікке 98 мыңнан астам жас қатысып, қоршаған ортаны қорғауға, қоғамдық орындарды тазартуға және туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосты. Бұл қоғамда экологиялық жауапкершілікті арттыруға және еріктілік мәдениетін дамытуға оң әсерін тигізуде.

Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар қоршаған ортаны қорғаумен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және табиғи ресурстарды келешек ұрпақ үшін сақтауға бағытталған. Экологиялық мәдениет пен тиімді табиғат пайдалану қағидаттарын ұштастырған мұндай бастамалар өңірдің тұрақты дамуының маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді.

Ұқсас жазбалар

Кентауда күрделі операциялар жасау мүмкіндігі кеңейіп келеді

Admin

«13 шақырым» деректі фильмі Сербияда өтетін фестивальге қатысады

Жасанды интеллект Skills Enbek платформасында онлайн курстарды таңдауға көмектеседі

Admin