Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Жаңалықтар

СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ МЕКТЕПТЕРІНДЕ «ЖАСЫЛ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬДЕР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Түркістан облысының Созақ ауданында жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды жоба сәтті жүзеге асырылуда. 2026 жылғы 19–20 мамыр күндері ауданның бірнеше ауылдық мектебінде «Жасыл мектеп» бағдарламасының қорытынды экологиялық фестивальдері ұйымдастырылып, оған мыңдаған оқушы, педагог және жергілікті тұрғын қатысты.

Жоба Қазақстан-француз бірлескен кәсіпорны – «KATKO» ЖШС-нің бастамасымен жүзеге асырылып келеді. Экологиялық жауапкершілік пен тұрақты даму қағидаттарын ұстанатын компания білім беру ұйымдарында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде.

Биылғы оқу жылында «Жасыл мектеп» бағдарламасына Созақ ауданындағы бес білім беру ұйымы қатысты. Атап айтқанда, Шолаққорған ауылындағы Асқар Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектеп, Таукент кентіндегі Исмет Кеңесбаев және Сүгір Әліұлы атындағы жалпы білім беретін мектептер, Тасты ауылындағы Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп және Шу ауылындағы Жаппас Қаламбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп оқушылары бағдарлама аясында түрлі экологиялық іс-шараларға белсенді қатысты.

Жобаға жалпы саны 3500-ден астам адам тартылып, мектеп оқушылары, мұғалімдер, ата-аналар мен қоғам өкілдері қоршаған ортаны қорғау бағытындағы бастамаларды қолдады.

Бағдарламаның маңызды кезеңдерінің бірі ретінде қорытынды экологиялық фестивальдер ұйымдастырылды. Фестиваль барысында қатысушыларға Алматы қаласынан арнайы жеткізілген инновациялық Эко-Трак таныстырылды. Бұл жоба «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының екі жылдығы аясында іске қосылып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастырудың заманауи құралы ретінде ұсынылды.

Эко-Трак – қалдықтарды қайта өңдеудің маңызын тәжірибе жүзінде көрсететін жылжымалы интерактивті алаң. Оның көмегімен оқушылар пластикалық қақпақтарды арнайы велошредерлер арқылы ұсақтап, қайта өңдеу процесін өз көздерімен көрді. Сонымен қатар қайта өңделген шикізаттан түрлі бұйымдардың жасалу технологиясымен танысты.

Фестиваль қатысушылары қайта өңделген пластиктен жасалған брелоктар, телефонға арналған тіреуіштер, шахмат фигуралары және басқа да тұрмыстық бұйымдардың дайындалу процесін тамашалады. Балалар арнайы құрылғылардың көмегімен дайындалған бұйымдарды сыйлық ретінде ұтып алып, экологиялық жобаларға деген қызығушылықтарын арттырды.

Бағдарлама аясында түрлі танымдық ойындар, викториналар мен экологиялық байқаулар ұйымдастырылды. Қатысушылар «Корнхолл» және «Ірімшік» ойындарына қатысып, қоршаған ортаны қорғау бойынша білімдерін жетілдірді.

Жоба шеңберінде оқушыларға қалдықтарды сұрыптаудың маңызы, табиғи ресурстарды үнемді пайдалану, қайта өңдеудің тиімділігі және әр адамның экологиялық жауапкершілігі туралы кеңінен түсіндірілді.

«KATKO» БК ЖШС коммуникациялар және корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік басқармасының жетекшісі Айнаш Ченгельбаеваның айтуынша, компания өңірлерде әлеуметтік және экологиялық жобаларды жүзеге асыруда мол тәжірибе жинақтаған.

– Біз «Жасыл мектеп» жобасының балалардың экологиялық санасын қалыптастырудағы тиімділігін көріп отырмыз. Мұндай бастамалар тек оқушыларға ғана емес, олардың ата-аналары мен жалпы қоғамға да оң әсер етеді. Созақ ауданында жобаны іске асыру барысында жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілген қолдау үшін алғысымызды білдіреміз, – деді ол.

Ал ECO Network жобасының негізін қалаушы Евгений Мухамеджанов ауылдық өңірлерде мұндай бағдарламалардың жоғары нәтиже беретінін атап өтті.

– Біз еліміздің көптеген өңірлерінде экологиялық білім беру жобаларын іске асырып келеміз. Ауыл мектептеріндегі оқушылардың қызығушылығы мен белсенділігі ерекше қуантады. Олар жаңа идеяларды тез қабылдап, қоршаған ортаға қатысты бастамаларды белсенді қолдайды. Сондықтан «Жасыл мектеп» жобасының ауылдық жерлерде үлкен нәтиже беретініне сенімдіміз, – деді жоба жетекшісі.

Айта кетейік, Евгений Мухамеджановтың бастамалары Мемлекет басшысы тарапынан жоғары бағаланған. 2024 жылғы 31 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоба авторын қабылдап, экологиялық бастамалардың маңыздылығын атап өткен болатын.

Жоба аясында ECO Network мамандары әр мектепте арнайы экологиялық дәрістер өткізіп, оқушыларға қоршаған ортаны қорғаудағы жеке жауапкершіліктің рөлін түсіндірді. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында қалдықтарды бөлек жинауға арналған инфрақұрылым құрылды.

Әр мектепте қағаз, пластик, шыны және алюминий қалдықтарын бөлек жинауға арналған арнайы жәшіктер орнатылып, ақпараттық плакаттар мен түсіндіру материалдары орналастырылды. Оқушылар қалдықтарды сұрыптау бойынша тәжірибелік жұмыстар жүргізіп, қайта өңдеудің тиімділігімен танысты.

Жоба нәтижесінде аудан мектептерінде 1321 келі макулатура, 102 келі пластик бөтелке, 56 келі пластик қақпақ және 52 келі алюминий жиналды. Сонымен қатар бағдарлама барысында 30-дан астам экологиялық дәріс өткізіліп, әлеуметтік желілерде 70-тен астам ақпараттық материал жарияланды.

Әрбір мектеп үшін арнайы цифрлық кабинет құрылып, қатысушылар өздерінің атқарған жұмыстарын бақылап, жетістіктерімен бөлісу мүмкіндігіне ие болды.

Қорытынды фестиваль барысында мектептер арасындағы экологиялық байқаудың жеңімпаздары марапатталды.

«Шикізат жинау көшбасшысы» номинациясы бойынша Асқар Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектеп үздік атанып, қайта өңделген пластик қақпақтардан жасалған үстелге ие болды.

«Экологиялық бастамалар көшбасшысы» аталымында Жаппас Қаламбаев атындағы мектеп жеңімпаз атанып, қайта өңделген пластиктен жасалған шахмат жиынтығымен марапатталды.

Ал «Үлкен әлеует» номинациясы бойынша Сүгір Әліұлы, Исмет Кеңесбаев және Абай атындағы мектептер арнайы сыйлықтарға ие болды.

Марапаттау рәсіміне Созақ ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешенқұлова, аудандық білім бөлімінің өкілдері, ауылдық округ әкімдері, халықаралық серіктес ұйымдардың өкілдері және жоба жетекшілері қатысты.

Жоба барысында ECO Network командасы Созақ ауданының символикасы бейнеленген арнайы экологиялық өнімдер дайындады. Олардың қатарында қайта өңделген пластиктен жасалған «Мыңжылқы» телефон тіреуіші мен «Green School Sozak District» брелогы бар.

«Жасыл мектеп» бағдарламасының басты ерекшелігі – оқушылардың өздерін экологиялық көшбасшы ретінде қалыптастыруында. Бағдарлама аясында жоғары сынып оқушыларынан құралған эко-рейнджерлер тобы құрылып, олар бастауыш сынып оқушыларына экологиялық білім беріп, жобаның орындалуына қолдау көрсетті.

Бүгінде «KATKO» компаниясы тұрақты даму қағидаттарын басшылыққа ала отырып, Созақ ауданындағы білім беру ұйымдарымен жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр. Компания алдағы уақытта да ECO Network ұйымымен бірлесіп, өңірдегі экологиялық ағарту жұмыстарын кеңейтуге ниетті.

Жоба жастардың табиғатқа деген жанашыр көзқарасын қалыптастырып қана қоймай, өңірде экологиялық мәдениеттің дамуына, қалдықтарды тиімді басқару жүйесінің қалыптасуына және қоғамның қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін арттыруға маңызды үлес қосуда.

Ұқсас жазбалар

ШЫМКЕНТ БРОСАЕТ ВЫЗОВ: ПОЛОСА ДЛЯ BOEING И СТРОЙКИ НА 100 МЛРД ТГ

Admin

Admin

Тазалық – ортақ міндет. Таза орта – өзімізден басталады!

Admin