Бүгін Кентау қаласы әкімдігінің мәжіліс залында «18 қазан Рухани келісім күніне» орай мерекелік кездесу жиыны өтті, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған elordafocus.kz ақпараттық агенттігі.
Жиынға қала әкімінің орынбасары А.Байболова, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Жорабеков, қаламыздың бас имамы Ғ.Айекеев, Облыстық Қоғамдық келісім КММ Кентау қалалық филиалы басшысы Ғ.Тәжібаев, қала және ауыл мешіт имамдары және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Шара барысында қала әкімінің орынбасары Ақнұр Нұралықызы жиынға қатысушыларды мерекемен құттықтап, қала әкімінің алғыс хаттарымен марапаттап, сыйлықтар табыс етті.
«Елімізде өмір сүретін этностардың ауызбірлігі мен төзімділігі қазақстандықтар үшін егемендік құру жолындағы күрделі кезеңдерден өтуге жәрдемдесті және әлі күнге дейін ел дамуына үлкен күш-қуат беріп отыр. Осы жерде айта кететіндігім сіздердің де шағын өңір Кентау қаласының дамуына қосып жатқан үлестеріңіз орасан зор. Жүрегі бір, тілегі бір, Отаны бір қазақстандықтар әрдайым бірлікті, татулықты басты мақсат етеді,» -деді қала әкімінің орынбасары.
Кентау қаласы бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 13 мешіт, 2 христиандық бағыттағы православтық және елуіншілер діни бірлестіктері жұмыс жасауда. Сонымен қатар 6 намазхана ресми тіркелген.
Айта кетейік, 1992 жылы 18 қазанда Алматы қаласында Әлемдік Рухани Келісім Конгресінің бірінші сессиясы болып өткенін біліміз. Адамзат таихында алғаш рет дін, мәдениет, қайырымдылық және түрлі қоғамдық ұйым, жалпы руханият саласының өкілдері бас қосып, арнайы манифест қабылдап, бірауыздан 18 қазанды рухани келісім күні деп білгелеген болатын.
