Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
ЖаңалықтарҚұқықСаясат

ОРК: референдумға ұйымдастырушылық және кадрлық дайындық толық аяқталды

Қазақстанда республикалық референдумды өткізуге байланысты барлық деңгейдегі референдум комиссиялары дайындық жұмыстарын толық аяқтады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының отырысында мәлім болды.

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, референдумды өткізуге қажетті барлық ұйымдастырушылық шаралар толық жүзеге асырылған.

«Барлық деңгейдегі референдум комиссиялары дайындық жұмыстарын аяқтады. Қажетті ұйымдастырушылық іс-шаралар жүргізілді, комиссиялардың қызметіне әдістемелік қолдау көрсетілді, дауыс беру рәсімдерін қолдану мен референдум туралы заң талаптарын сақтауда бірыңғай тәсіл қалыптастырылды. Бұл біздің республикалық референдумды өткізуге және оны заң талаптарына қатаң сәйкес ұйымдастыруға толық дайын екенімізді білдіреді», – деді Нұрлан Әбдіров.

Дайындықтың маңызды бағыттарының бірі – комиссия мүшелерін оқыту болды. Күнтізбелік жоспарға сәйкес, 13 наурыз күні оқытудың қорытынды кезеңі аяқталды. Жедел ақпаратқа сәйкес, дайындық барысында 5800-ден астам оқыту семинары өткізіліп, оған әртүрлі деңгейдегі комиссиялардың 71 мыңнан астам мүшесі қатысты. Сонымен қатар, комиссия мүшелерінің дайындық деңгейін бағалау мақсатында қашықтан онлайн-тестілеу ұйымдастырылды.

ОРК төрағасының айтуынша, іске асырылған каскадтық оқыту жүйесі ел бойынша комиссия мүшелерін даярлаудың бірыңғай стандарттарын қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Референдумға дайындық аясында заңнамада көзделген байқау жүргізуге қажетті жағдайлар да қамтамасыз етілді. Осы мақсатта референдум учаскелерінде қатысу құқығы бар қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу жұмыстары жүргізілді.

Бүгінгі таңда 256 ұйым аккредиттелген. Оның ішінде 11 ұйымды Орталық референдум комиссиясы, ал 245 ұйымды аумақтық комиссиялар аккредиттеген. Бұл ұйымдардың өкілдері референдум учаскелерінде байқаушы ретінде қатыса алады.

Отырыста сондай-ақ референдум күні Орталық референдум комиссиясы дәстүрлі түрде тікелей эфирде бұқаралық ақпарат құралдарына ел бойынша дауыс беру барысы туралы әр екі сағат сайын ақпарат беріп отыратыны атап өтілді. Ақпарат берілетін нақты уақыт кестесі алдын ала жарияланатын болады.

Ұқсас жазбалар

АДАЛ ҚОҒАМ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ӘРКІМНІҢ ӨЗ ҚОЛЫНДА

Admin

Таңдау жасап, қаланы өзгертіңіз!

Admin

ӘКІМДЕР ҚАЛАЛАР МЕН ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ЖАЯУ АРАЛАУҒА ТИІС – ПРЕЗИДЕНТ

Admin