Қазығұрт ауданы, Қарабау ауылдық округінде орналасқан №293 референдум учаскесіне 100 жастан асқан қария Халық Әрипов арнайы келіп, өз таңдауын жасады.
Ғасыр жасаған ақсақалдың референдумға қатысып, азаматтық ұстанымын білдіруі – жас ұрпаққа үлгі боларлық іс. Қария учаскеге жиналған тұрғындарға ақ батасын беріп, елдің тыныштығы мен бірлігін, берекесі мен ынтымағын тіледі. Сонымен қатар, елдің болашағы жарқын болып, ұрпақтар сабақтастығы жалғаса берсін деген ізгі тілегін білдірді.
Жиналған көпшілік қарияның белсенділігіне ризашылықтарын білдіріп, оның елдік мәселеге бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымы кейінгі буынға өнеге екенін атап өтті.
Айта кетейік, бүгін Қазығұрт ауданы аумағындағы барлық референдум учаскелері таңғы сағат 07:00-ден бастап өз жұмысын бастады. Қазығұрттықтар науқанның маңызын сезіне отырып, өз таңдауларын жасауда.
Аудан бойынша дауыс беруге құқылы азаматтардың жалпы саны 64 473 адамды құрайды.
