Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мауро Виейрамен кездесу өткізді. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту және өзара ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру мәселелері талқыланды.
Президент Қазақстан мен Бразилия арасындағы байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Бразилияны Латын Америкасындағы еліміздің басты серіктестерінің бірі ретінде бағалайтынын жеткізді.
– Сіздің Қазақстанға сапарыңыз дер кезінде ұйымдастырылып отыр. Бұл екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға тың серпін беретініне сенімдімін. Елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастық дәйекті түрде дамып келеді. Сізбен бірге үлкен іскерлік делегация келді. Бұл Қазақстанмен ықпалдастықты ілгерілетуге аса жауапкершілікпен қарайтындарыңызды көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Бразилия Президенті Луис Инасиу Лула да Силваға ізгі сәлемі мен ыстық ықыласын жолдап, Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Өз кезегінде Мауро Виейра Қазақстанға Бразилия Президентінің арнайы тапсырмасымен келгенін айтып, екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Кездесуде тараптар энергетика, тау-кен металлургия кешені, ауыл шаруашылығы, инновация және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Сонымен қатар, өзара сауда көлемін арттыру және инвестициялық байланыстарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
