Кез келген елдің халқы өздері үшін құнды дүниелерге құрмет көрсетіп жүреді. Олардың арасында біз үшін әсіресе, мемлекеттік рәміздердің орны бөлек. Себебі, мемлекеттік Ту, Елтаңба мен Әнұран киелі Қазақстанымыздың тәуелсіз ел екенін бүкіл әлемге танытып тұратын нышан, өткеніміз бен бүгініміздің арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Қазақ халқының ұлттық рухын көтеретін де осы рәміздер екені анық.
Сондықтан Отанын жан-тәнімен сүйетін спортшылар, өнерпаздар мен басқа да мамандық иелері әлемдік ареналарда көк туымызды көкке көтеріп, әнұранымызды кемінде бір рет шырқатсам деп армандайды. Өйткені, елін, жерін сүйетін адам өзіне артындағы барша жерлестері қолдау білдіріп, жанкүйер болып, әр жеңісіне дәл өзі сияқты қуанатынын жақсы түсінеді. Мен де қазақ халқына осындай керемет сезімді сыйлай білгеніме қуанамын.
Себебі, елімнің атын әлемге паш етіп, абыройын асқақтатуды армандаған мен үшін ұзақ жылдар бойғы дайындықтың арқасында дүбірлі додаға жолдама алып, кіл мықтыларды жеңіп, көк туды бәрінен биік желбіреткеннен артық бақыт жоқ еді. Дәл сол сәтте жеңіс тұғырында қолымды кеудеме қойып, көк туымызға қарап тұрып Әнұранымызды шырқағандай сезімді ешқашан сезінбегенмін. Жүрегім кеудеме сыймастай болып, тұла бойымды бір ыстық жалын шарпығаны әлі есімде. Ол – мемлекеттік рәміздеріміздің қасиетті, киелі екендігінің айқын дәлелі. Сондықтан осынау құндылықтарымызға құрмет көрсету – әр қазақтың азаматтық парызы деп білемін.
Аяжан ЕРГЕНТАЙ,
әмбебап жекпе-жектен әлем чемпионы, әлемнің үздік техникалық жауынгері.
