Бүгін Арыс қаласындағы Мәдениет үйінде Республика күніне орай, мерекелік шара өтті. Оған қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен Ардагерлер ұйымының өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында сөз алған қала әкімі 1990 жылдың 25-ші қазанында – Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданғаны, ел Тәуелсіздігі жолындағы теңдессіз құндылық екенін атап өтті.
«Сондықтан да, бұл күн – мемлекеттік маңызы зор мереке болғандықтан, біз осындай тамаша кештің куәсі болып отырмыз. Сондай-ақ, бұл күн еңбек майталмандары марапат алып, құрмет-қошеметке бөленетін кез. Олай болса, мәртебемізді асқақтатып, ұлттығымызды ұлықтайтын айтулы мереке еліміздің әрбір шаңырағына шаттық ала келсін», – деді Гүлжан Мамытқызы.
Айта кетейік, шара аясында Арыс қаласының дамуына елеулі үлес қосқан қарапайым жұмысшыдан бастап, лауазымды қызметкерге дейін марапатқа ие болып, құрмет-қошеметке бөленді.
Жиын соңы Мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Сонымен бірге, бүгін Республика күніне орай, Арыс қаласына кіреберісте орналасқан Тәуелсіздік стелласында Ту көтеру рәсімі өтті.
Рухты оятып, жігерді жанитын Әнұран шырқалған шараға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қала тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен әскери қызметшілер, әкімдіктегі дербес бөлім жетекшілері және қала тұрғындары қатысты.
Сондай-ақ, салтанатты шараға жасөспірімдерге әскери-патриоттық тәлім-тәрбие беру бағытында насихатталатын республикалық масштабта ұйымдастырылған әскери-клубтың сан түрлі сайысының бірнеше дүркін жеңімпазы – «Арыс» әскери-патриоттық клубының мүшелері де қатысты.
Айта кетейік, Арыс қаласының кіребері қақпасында бой көтерген Тәуелсіздік стелласы 2015 жылы салынған. Биіктігі – 30 метрді құрайтын тутұғырда ені – 9, ал биіктігі – 4,5 метр болатын Мемлекеттік Ту желбіреп тұр.
