Мемлекеттік рәміздер -Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні, болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Осы құнды белгілерді насихаттау, дәріптеу мақсатында орталық кітапханада «Ел рәміздері — Елдігіміздің реңі, теңдігіміздің тірегі» атты басқосу жиыны өткізілді, деп хабарлайды elordafocus.kz.
Отырар аудандық жастар орталығының қызметкерлері мен кітапхана оқырмандары қатысқан бұл жиын Әнұранмен басталды. Мекеме басшысы А.Рыскелді айтулы күннің маңыздылығына тоқталып, үстіміздегі жылы Мемлекеттік Туымыздың авторы Шәкен Ниязбековтің туғанына 85 жыл толғанын айтып өтті.
Кітапхананың тұрақты оқырманы С.Мұстафаев ақын Ж.Нәжімеденовтің «Туған жер» өлеңін оқып, жастар арасында рәміздер тарихы туралы әңгіме өрбіді.
Жиын соңында тақырып аясында арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.
Сонымен бірге, Отырар ауданының әкімі С.Сұлтанханов отырарлықтарды мерекемен құттықтады: «Құрметті отырарлықтар!
Сіздерді 4 маусым — Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын.
Тәуелсіздік — алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгі бар. Оның біріншісі – көк байрағы, екіншісі – Елтаңба, үшіншісі – Әнұран, төртіншісі – қазақ тілі. Әрбір елім, жерім дейтін ұрпақтың намысын оятып, жүрегіне патриоттық сезім ұялататын да – осы мемлекеттік рәміздеріміз екені белгілі.
Еліміз егемендігін алып, тәуелсіздік туын қуана көтеріп, дүние жүзіне қазақ ұлтын, Қазақстан елін танытқанына 32 жылдан, мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданғанына да 31 жылдан асып бара жатыр.
Тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан тарихында, 1992 жылғы 4 маусымда өзіндік орны өзгеше биік болып қала береді. Себебі, дәл осы күні Тәуелсіздіктің арайлап атқан таңында енді-енді ғана тәй-тәй қадам басқан еліміздің тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер алғаш рет бекітілді. Әрине, бұл оқиға сізер мен біздерді, барша халқымызды айрықша қуаныш пен шаттыққа кенелткені рас.
Аспан түстес көгілдір туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан Елтаңбамыз бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы деп аталатын жаңа тәуелсіз мемлекеттің бейнесін жарқырата ашып көрсете білді. 2006 жылы республика халқының түгелге жуық қызу қолдауларымен ұлы сазгер, жерлесіміз Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні еліміздің әнұраны болып бекітілді. Бүгінде түрлі саладағы жеңімпаздарымыз бен бетке ұстар спортшыларымыздың ерен табыстары мемлекеттік әнұранымыздың әлемнің түкпір-түкпірлерінде әуелеуін қамтамасыз етіп келеді.
Қадірлі ағайын! Баршаңызды араға жыл салып жеткен мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңыз амандық, құт-береке тілеймін! Әнұранымыз әуелеп, Туымыз тұғырлы болсын!», делінген құттықтауда.
