Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
ӘлемЖаңалықтарҚоғамМәдениетСаясат

АСТАНА ӘЛЕМ НАЗАРЫНДА: PGL ASTANA 2026 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРІ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТ

Елордадағы Barys Arena спорт кешенінде Counter-Strike 2 бойынша PGL Astana 2026 халықаралық турнирі басталып, әлемнің үздік киберспорт командаларын бір арнаға тоғыстырды. Халықаралық деңгейдегі айтулы додаға әлемнің 16 мықты командасы қатысып, жанкүйерлерге тартысты ойын сыйлауда.

Жүлде қоры 1,6 миллион АҚШ долларын құрайтын турнирді PGL Esports SRL ұйымдастырып отыр. Байрақты бәсекеде Team Spirit, G2 Esports, FURIA Esports және Heroic секілді әлемдік рейтингте көш бастап жүрген командалар бақ сынауда.

Халықаралық турнирге арнайы шақырылған қонақтар қатарында Counter-Strike бойынша әлем чемпионы Дәурен Қыстаубаев, Даниил Голубенко, танымал стример Слава Бустер, белгілі жүргізуші James Banks және бразилиялық аңыз ойыншы Габриель Толедо бар.

PGL Astana 2026 турнирінің Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылғы туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілуі оның халықаралық маңызын айқындай түседі. Сарапшылар мұндай ірі киберспорттық жарыстардың Астананың әлемдік туристік картадағы орнын нығайтып, елдің цифрлық әрі заманауи имиджін қалыптастыруға ықпал ететінін айтуда.

Турнирге Мәскеуден арнайы келген көрермен Александр Белобух елордадағы атмосфераға жоғары бағасын берді.

– Астанаға алғаш рет келуім. Қала ерекше әсер қалдырды. Турнирдің ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде. Ең бастысы – жастардың киберспортқа деген қызығушылығы айқын байқалады. Қазақстандық Даниил Голубенко сияқты ойыншылардың халықаралық деңгейде табысты өнер көрсетуі жастарға үлкен мотивация береді, – деді ол.

Спорт сарапшысы Нұрболат Жомарттың пікірінше, бүгінде Қазақстан киберспортты дамыту бағытында жаңа деңгейге көтеріліп келеді.

– Бірнеше жыл бұрын мұндай деңгейдегі турнирдің Астанада өтетінін елестету қиын болатын. Қазір Қазақстан халықаралық киберспорт аренасында өз орнын қалыптастырып келеді. Әсіресе mo0N лақап атымен танымал Абдурахим Иса сынды талантты ойыншылар жанкүйерлердің үмітін оятып отыр. Бұл турнир еліміздегі киберспорт индустриясының әлеуетін көрсетеді, – деді ол.

Айта кетейік, PGL Astana 2026 турнирі Астананың ірі халықаралық киберспорттық іс-шараларды өткізуге қабілетті заманауи орталық екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, оқиғалық туризмнің дамуына жаңа серпін бермек.

Ұқсас жазбалар

HR Enbek порталында электрондық ұжымдық шарт жасауға болады

Admin

ШЫМКЕНТТЕ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ

Admin

Жаңа буын реакторларының қауіпсіздігі бойынша зерттеулер: Қазақстанның жаһандық атом ғылымындағы рөлі қандай

Admin