Экономиканың дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыру мәселесінде тұтынушылардың қауіпсіздігі де ерекше орын алуы тиіс. Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында экономикалық жаңғыру мен азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған міндеттер белгіленді. Осы тұрғыдан алғанда, азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзекті мәселе болып қала береді.
Тұтынушы дүкен сөресінен сатып алған өнімінің құрамы, өндірілген мерзімі, сақтау шарттары және сапасы туралы толық әрі шынайы ақпарат алуға құқылы. Сондықтан өнімнің қауіпсіздігін бақылау, санитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету және сапасыз тауарлардың айналымына жол бермеу маңызды.
Түркістан облысында сауда орындары, қоғамдық тамақтану нысандары мен азық-түлік өндірушілерінің саны артып келеді. Бұл кәсіпкерлік белсенділікпен қатар, өнім сапасына қойылатын талаптардың да күшеюін қажет етеді. Әсіресе, балалар тағамы, сүт және ет өнімдерінің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуы тиіс.
Сонымен бірге тұрғындардың тұтынушылық сауаттылығын арттыру, сапасыз өнімге қатысты шағымдану тәртібін түсіндіру және адал кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастыру қажет.
Сапалы өнім өндіру – кәсіпкердің жауапкершілігі, ал тұтынушының құқығын қорғау – қоғам алдындағы маңызды міндет.
