Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға, білім мен парасатты дәріптеуге және өскелең ұрпақтың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға бағытталған «Білімді жастар – ел ертеңі» атты кездесу өтті. Кездесуге Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Жанар Бектаева, қоғам белсендісі Жанболат Досболов және танымал жайдарманшы, блогер Хамит Ердехан арнайы қатысып, жастармен ой бөлісті.
Басқосу барысында Жанар Әлібекқызы білімді әрі бәсекеге қабілетті жастарды қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
«Қазіргі кезеңде білім алу, іздену және заман талабына сай қабілеттерді дамыту аса маңызды. Жастар тек кәсіби біліммен шектелмей, қоғамдағы өзгерістерге бейім, белсенді, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасуы қажет. Мемлекет жастардың әлеуетін көтеруге жағдай жасап келеді. Ал сол мүмкіндікті тиімді пайдалану – әрбір жастың өз қолында. Бүгінгі жастар — еліміздің ертеңгі қозғаушы күші», – деді Жанар Бектаева.
Еркін форматта өткен жүздесуде спикерлер білімнің адам өміріндегі маңызы, қоғамдағы белсенділік, көшбасшылық қасиеттерді дамыту, жеке тұлға ретінде қалыптасу және болашаққа сенімді қадам жасау мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды ізденіске, үздіксіз білім алуға және қоғам өміріне белсенді араласуға шақырды. Кездесу барысында жастар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, спикерлермен ашық пікір алмасты. Бұл өз кезегінде қатысушыларға жаңа көзқарас қалыптастырып, өмірлік тәжірибеден тағылым алуға мүмкіндік берді. Мұндай тағылымды кездесулер жастардың таным көкжиегін кеңейтіп, олардың бойында жауапкершілік, бастамашылдық пен көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Өйткені білімді, саналы әрі белсенді жас ұрпақ – ел дамуының басты қозғаушы күші.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
