Кеше республиканың әр қиырындағы миллиондаған отандасымыз тікелей эфирде Құрылтай сайлауына арналған жалпыұлттық онлайн-марафонды тамашалады. Елдегі маңызды саяси үдеріс таңғы сағат 09.00-ден түнгі 00.30-ға дейін live форматта көрсетілді. Он алты сағат бойы дүйім жұртқа науқан туралы жедел ақпарат баяндалып, сарапшылармен қоғамдағы өзекті тақырыптар талқыланып, тікелей қосылымдар, арнайы репортаждар мен түрлі форматтағы бағдарламалар ұсынылды.
Марафонға қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар, түрлі саланың мамандары мен сарапшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, блогерлер, спортшылар, сондай-ақ шығармашылық және креативті индустрия өкілдері қатысты. Күні бойы қыз-қыз қайнаған Қазмедиа алаңы 38 YouTube-арнада тікелей эфирде көрсетілді. Оның ішінде 14 республикалық, 14 аймақтық телеарна мен 10 ақпараттық портал бар.
Онлайн-марафонның мазмұны бірнеше арнайы алаңда ұсынылды. Негізгі сахнада әуелі «Халықтық Конституция» тақырыбы талқыланды. Сарапшылар Конституциядағы адам құқықтарын қорғау, Құрылтайдың құзыреті және Халық кеңесінің рөліне тоқталып, азаматтардың құқықтары мен мемлекетті басқару тетіктерін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған бастамалар жөнінде пікір алмасты.
