Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен «Қауіпсіз шекара – қауіпсіз қаржы» ақпараттық-профилактикалық апталығы басталды. Іс-шараның мақсаты – шекарадан өтуші азаматтардың қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру, интернет-алаяқтықтың, дропперліктің және заңсыз қаржылық операциялардың алдын алу. Апталықтың ашылуы Қапланбек кеден бекетінде өтті. Іс-шараға Департамент басшысы Сабырғали Балғалиев, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, аудан әкімдігінің және мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Сабырғали Балғалиев профилактикалық іс-шара аясында шекарадан өтуші азаматтар арасында жүргізілген түсіндіру жұмыстарына қатысты. Экономикалық тергеу қызметінің волонтерлері шекарадан өтушілерге алаяқтықтың кең таралған тәсілдері, жеке және банктік деректерді қорғау, сондай-ақ төлем карталары мен шоттарды үшінші тұлғаларға берудің құқықтық салдары туралы түсіндірді. Іс-шараның басты бағыты – шетел азаматтарының Қазақстан аумағында құжаттар рәсімдеп, банктік шоттар мен төлем карталарын ашуы және оларды заңсыз ақша аудару, қолма-қол ақшаға айналдыру немесе өзге де күмәнді қаржылық операцияларды жүзеге асыру үшін пайдалану фактілерінің алдын алу. Осы мақсатта ақпараттық материалдардың шетел азаматтарына түсінікті әрі қолжетімді болуына ерекше назар аударылды. Қазақ, орыс және өзбек тілдерінде әзірленген 30 мың ақпараттық үнпарақты тарату жұмыстары жүргізілуде. Іс-шаралар Сарыағаш ауданындағы Халыққа қызмет көрсету орталығында жалғасты. Мұнда Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың күмәнді операцияларға тартылуына жол бермеуге, өзара ақпарат алмасуға және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытындағы бірлескен жұмысты күшейтуге бағытталған. Сондай-ақ Департамент басшысы Сарыағаш ауданының тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында азаматтардың өтініштері тыңдалып, көтерілген мәселелер бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндірмелер берілді. Жекелеген өтініштер бақылауға алынып, жауапты қызметкерлерге тиісті тапсырмалар жүктелді. Қазіргі уақытта қылмыстық топтар азаматтарды түрлі уәделермен тартып, олардың атына ашылған банктік шоттар мен төлем карталарын заңсыз ақша аудару және қылмыстық кірістерді қолма-қол ақшаға айналдыру мақсатында пайдалануда. Осыған байланысты азаматтарға банктік шоттары мен төлем карталарын бөгде адамдарға бермеу, күмәнді қаржылық ұсыныстардан бас тарту және жеке деректерін жарияламау қажеттігі ескертілді. Аталған жұмыс «Заң мен тәртіп» қағидаты шеңберінде азаматтарды қаржылық қылмыстардан қорғауға және заңсыз ақша айналымының жолын кесуге бағытталған. Осы бағыттағы профилактикалық жұмыстар апта соңына дейін жалғасатын болады.
