Сайлауалды науқан аясында саяси партиялар өңірлердегі кездесулерін жалғастырып, тұрғындар мен еңбек ұжымдарының ұсыныстарын тыңдады. Кездесулер барысында әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым және экология мәселелері талқыланды.
«Әділет» партиясы сайлаушылармен жұмысты мобильді форматта жалғастырды. «Әділетті Қазақстан үшін» мобильді керуені аясында Жамбыл облысының ауылдық елді мекендерінде жеті кездесу ұйымдастырылып, 930-ға жуық тұрғын қамтылды. Кездесулерге партия төрағасын қоса алғанда, Құрылтай депутаттығына 13 кандидат қатысты.
Партия өкілдері тұрғындармен кездесулер барысында әлеуметтік қорғау жүйесін цифрландыру, кітапхана ісі мен кітап шығаруды дамыту, жас зерттеушілерді қолдау, ғылым мен өнеркәсіпті дамыту мәселелерін көтерді. Сонымен қатар партияның жастар штабы «Есіктен есікке» акциясы аясындағы жұмысты жалғастырып, партия бағдарламасын тұрғындарға таныстыруға басымдық берді.
Қазақстан Халық партиясы еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге назар аударды. Павлодар облысында «Metzer» компаниясы мен «Рубиком» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесуде отандық өндірушілерді қолдау, жұмыс орындарын сақтау және еңбек жағдайларын жақсарту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар партияның әлеуметтік саясатындағы маңызды бағыттардың бірі – азаматтардың табысын арттыру және ең төменгі жалақы деңгейіне қатысты мәселелер болды.
Партия өкілдері еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы әлеуметтік әріптестікті нығайту қажеттігіне тоқталды.
«Ауыл» партиясы сайлауалды күн тәртібінде аграрлық секторды дамытуға басымдық берді. Қостанайда «Менің Қазақстаным» патриоттық акциясы ұйымдастырылып, оған 50-ден астам адам қатысты. Іс-шара еліміздің өңірлерінің бірлігін бейнелейтін символикалық композиция құрастыру форматында өтті.
Павлодарда партия кандидаттары ауыл жастарымен кездесіп, жұмыспен қамту, білім беру және жастар бастамаларын қолдау мәселелерін талқылады. Алматыда партия төрағасы Қайрат Айтуғанов кандидаттармен бірге «BRB APK» ЖШС-нің жылыжай шаруашылығына барып, азық-түлік қауіпсіздігі, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау және ірі қалалардың айналасында азық-түлік белдеулерін қалыптастыру мәселелерін көтерді.
Сайлауалды науқан барысында «Ақ жол», «Respublica», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия және «Байтақ» партиялары да өңірлердегі жұмыстарын жалғастырды. Олар еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлермен, тұрғындармен және кәсіби қауымдастық өкілдерімен кездесіп, өздерінің бағдарламалық басымдықтарын таныстырды.
Осылайша, сайлауалды кезеңдегі партиялардың жұмысы әртүрлі форматта жалғасуда. Мобильді кездесулер мен еңбек ұжымдарымен диалогтан бастап, экологиялық акциялар мен ауыл тұрғындарымен кездесулерге дейінгі іс-шараларда азаматтардың әлеуметтік жағдайы, жұмыспен қамту, аграрлық сектор, өндіріс пен инфрақұрылымды дамыту мәселелері негізгі тақырыптардың қатарында болды.
