Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
ЖаңалықтарМәдениет

ТҮРКІСТАНДА «TURKISTAN – 2026: ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ МҰРАСЫН ДӘРІПТЕУ ЖӘНЕ ІШКІ ТУРИЗМДІ ДАМЫТУ» АТТЫ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Киіз үй» кешенінде «Turkistan – 2026: Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу және ішкі туризмді дамыту» атты ауқымды конференция өтті. Тағылымы мол жиын Түркістан облыстық мәслихаты мен Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен өткізілді.

Конференцияның негізгі мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туризм саласын дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау және Қожа Ахмет Ясауи мұрасын халықаралық деңгейде насихаттау бағытындағы тапсырмаларын жүзеге асыру болды.

Іс-шараға облыс әкімінің орынбасарлары, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстар мәслихаттарының төрағалары мен өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары, аудандық және қалалық мәслихат төрағалары, басқарма басшылары, ғалымдар мен туристік операторлар қатысты.

Жиынды Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов жүргізіп отырды. Конференция барысында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов облыс әкімінің құттықтау хатын оқып, өңірде тарихи-мәдени мұраны сақтау мен туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

– Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – халқымыздың ғана емес, күллі түркі әлемінің ортақ рухани қазынасы. Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық құндылықтарды ұлықтау және туризм саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Түркістан халықаралық деңгейдегі рухани, мәдени әрі туристік орталық ретінде жаңаша келбет қалыптастырып келеді. Біздің міндетіміз – осы асыл мұраны келер ұрпаққа жеткізу және әлемге кеңінен таныту, – деді Зұлпыхар Жолдасов.

Конференция барысында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев туризмнің тарихи сана мен ұлттық рухты жаңғыртудағы рөліне тоқталды.

– Туризм – тек экономика емес. Бұл – тарихи сананы жаңғырту мен ұлттық рухты танытудың маңызды құралы. Түркістанды жай ғана туристік нысан ретінде емес, рухани феномен ретінде қарастыруымыз керек, – деді ол.

Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өңірдегі туризм саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, облыста тарихи-танымдық, экологиялық және емдік-сауықтыру туризмі қарқынды дамып келеді.

– Мемлекет басшысының туризм саласын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында туристік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Туризм саласына инвестициялар тартылып, Түркістан қаласында ірі туристік жобалар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар туристік инфрақұрылымды жетілдіру, визит орталықтарын ашу және тарихи нысандарға апаратын жолдарды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде, – деді Ертай Алтаев.

Конференция барысында экологиялық туризмді дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар Түркістан өңірінің табиғи және тарихи ерекшеліктерін тиімді пайдалану арқылы туристік әлеуетті арттыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұраны сақтау, киелі орындарды насихаттау және туристік бағыттарды кеңейту жөнінде ұсыныстар айтылды.

Жиында Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Досай Кенжетаев және Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректор міндетін атқарушы Бекежан Мырзаев мазмұнды баяндамалар жасады. Олар Қожа Ахмет Ясауи мұрасының рухани маңызы мен туризм саласын дамытудағы ғылыми және білім беру бағыттарының рөліне тоқталды.

Сонымен қатар Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаев, Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнәр Тойлыбаева және Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов те сөз сөйлеп, Түркістанның тарихи және туристік әлеуетін жоғары бағалады.

Жиын қорытындысында қатысушылар Түркістандағы бұл басқосудың ұлттық руханиятты, тарихи сананы және өңірлік дамуды тоғыстырған маңызды қоғамдық алаңға айналғанын атап өтті. Сонымен қатар Түркістанның халықаралық деңгейдегі мәдени, рухани және туристік орталық ретіндегі әлеуетін арттыру, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын халықаралық деңгейде дәріптеу және ішкі туризмді дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігі айтылды.

Конференция аясында қатысушылар Түркістан қаласы мен Отырар және Ордабасы аудандарындағы тарихи және туристік орындарды аралады. Киелі нысандарды сақтау, тарихи мұраларды насихаттау және туристік инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасулар ұйымдастырылды.

Түркістанда өткен бұл маңызды жиын өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, тарихи-мәдени мұраны дәріптеуге және ішкі туризмді дамытуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды. Сонымен қатар конференция ұлттық құндылықтарды ұлықтау, тарихи сананы жаңғырту және Түркістанның халықаралық деңгейдегі рухани орталық ретіндегі мәртебесін нығайту бағытындағы жұмыстарға серпін берді.

Ұқсас жазбалар

Ясауи кесенесіндегі ортағасырлық кітапхана бөлмесі ашылды

Admin

Сколько Тазы в Казахстане?

Admin

Осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ өсімі 4,2%-ды құрады

Admin