Елордадағы Barys Arena спорт кешенінде Counter-Strike 2 бойынша PGL Astana 2026 халықаралық турнирінің ресми ашылуы өтті. Әлемдік киберспорт күнтізбесіндегі маңызды додалардың бірі саналатын жарысқа халықаралық деңгейдегі 16 үздік команда қатысуда.
Жүлде қоры 1,6 миллион АҚШ долларын құрайтын турнирді PGL Esports SRL ұйымдастырып отыр. Байрақты бәсекеде Team Spirit, G2 Esports, FURIA Esports және Heroic секілді әлемге танымал командалар бақ сынауда.
Халықаралық турнирге арнайы шақырылған қонақтар қатарында Counter-Strike бойынша әлем чемпионы Дәурен Қыстаубаев, Даниил Голубенко, танымал стример Слава Бустер, PGL турнирлерінің жүргізушісі James Banks, сондай-ақ әлем чемпионы Габриель Толедо бар.
Айта кетейік, PGL Astana 2026 турнирі Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылға арналған туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген. Бұл халықаралық жарыстың еліміздің туристік және имидждік әлеуетін арттырудағы маңызын айқындай түседі.
Сарапшылардың пікірінше, әлемдік аудиторияның киберспортқа деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келеді. Осыған байланысты Қазақстанда осындай ірі халықаралық турнирлердің өткізілуі Астананың шетелдік туристер үшін тартымдылығын күшейтіп, елорданың халықаралық деңгейдегі заманауи іс-шаралар орталығы ретіндегі мәртебесін нығайтады.
Сонымен қатар мұндай ауқымды турнирлер жастар арасында киберспорт мәдениетін дамытуға, цифрлық индустрияға қызығушылықты арттыруға және Қазақстанның әлемдік киберспорт кеңістігіндегі беделін көтеруге мүмкіндік береді.
