Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
ҚоғамМәдениетСаясат

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «TAZA QAZAQSTAN» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА БІР КҮНДЕ 20 МЫҢ АҒАШ ЕГІЛДІ

Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Taza Qazaqstan» жалпыұлттық бағдарламасы аясында ауқымды экологиялық акция өтті. Аталған іс-шара Түлкібас ауданындағы «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының 100 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен табиғатты қорғауға бағытталған акция барысында арнайы орнатылған LED экран арқылы телекөпір ұйымдастырылып, қатысушылар Мемлекет басшысымен тікелей байланысқа шықты. Онлайн кездесу кезінде Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен қорықтың эко-волонтері Айда Орынбасарқызы сөз сөйледі.

Облыс әкімі өз сөзінде өңір тұрғындарының «Taza Qazaqstan» бастамасын белсенді қолдап отырғанын атап өтті.

– Түркістан облысының халқы «Taza Qazaqstan» бағдарламасының жазғы маусымын бастауға толық дайын. Бағдарлама аясында бүгін облыстың барлық аудан, қалаларында ауқымды шаралар ұйымдастырылып, бір күнде 20 мың түп ағаш егілді. Жалпы бастама қолға алынғалы бері өңірде 2 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету үшін 400-ге жуық арнайы техника сатып алынды. Сонымен қатар 11 саябақ, 8 сквер және 4 аллея пайдалануға берілді. «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында 155 бұлақ пен 77 өзен арнасы тазартылды. Бүгінгі іс-шараға 340 техника жұмылдырылып, 350 тонна қоқыс шығарылды, 17 мың гектар аумақ тазартылды. 2026 жылы 1 миллионнан астам ағаш отырғызу жоспарланып отыр, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, өңір басшысы биыл еліміздегі тұңғыш табиғи қорық – «Ақсу-Жабағылы» қорығына 100 жыл толып отырғанын атап өтіп, қорық қызметкерлерінің табиғатты қорғаудағы еңбегіне жоғары баға берді.

Телекөпір барысында Түркістан облысымен қатар Павлодар, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары да тікелей эфирге қосылды.

Жалпы қорық аумағында өткен акцияға 2 мыңнан астам адам қатысып, 1000 түп көшет егілді.

Айта кетейік, 1926 жылы құрылған «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы – Қазақстандағы ең көне қорықтардың бірі. Қорықтың жалпы аумағы 131 мың гектардан асады және Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттерімен шектеседі.

Қорық флорасы мен фаунасы ерекше бай. Мұнда 1300-ден астам өсімдік түрі өседі, оның ішінде сирек кездесетін қызғалдақтар бар. Сонымен қатар қар барысы, арқар, таутеке, сілеусін және қоңыр аю секілді сирек жануарлар мекендейді. «Ақсу-Жабағылы» қорығы табиғатты қорғаумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілетін маңызды аймақ ретінде де танылған. Ол ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар тізіміне енгізілген.

Ұқсас жазбалар

ТҮРКІСТАНДА ЖЫЛЫНА 120 МЫҢ ШАРШЫ МЕТР ЛАМИНАТ ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Admin

ТҮРКІСТАН: 2000-НАН АСТАМ АЗАМАТ КҮЗДЕ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРЫЛАДЫ

Admin

КЕЛЕСТЕ ТҰҢҒЫШ РЕТ КІТАПХАНАШЫЛАРДЫҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

Admin