Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылдық округіндегі №580 референдум учаскесінде Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмеджан Анартаев өз таңдауын жасап, референдумда дауыс берді.
Қарт майдангер ел болашағына бейжай қарамай, азаматтық борышын орындаудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, әрбір қазақстандық мемлекет үшін маңызды саяси науқандарда белсенділік танытып, өз пікірін білдіруі қажет.
– Елдің болашағы үшін әрбір азамат референдумда өз дауысын беруге міндетті. Осындай ел тағдырына қатысты маңызды кезеңде халқымыздың ауызбірлігі берік болуы керек, – деді ардагер.
Сонымен қатар, ақсақал референдум учаскесіне келген тұрғындарға, комиссия мүшелері мен байқаушыларға игі тілегін білдіріп, батасын берді. Жалпы, Сайрам ауданында референдумға қатысу белсенділігі жоғары деңгейде байқалуда.
Ахмеджан Анартаев 1926 жылғы 10 қарашада бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Әскерге шақырылғанға дейін «Жұмысшы» ұжымшарында еңбек еткен.
1944 жылғы 5 мамырда Сайрам аудандық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, 64-інші атқыштар полкінде қызмет атқарған. Қатардағы жауынгер ретінде Польшаны азат ету жолындағы шайқастарға және Германия аумағындағы ұрыстарға қатысқан.
1949 жылғы 10 сәуірде елге аман-есен оралған майдангер ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен және мерейтойлық сегіз медальмен марапатталған.
Соғыстан кейін 1950 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін Ә.Науаи атындағы ұжымшарда жүргізуші болып еңбек еткен.
Бүгінде қария Қарабұлақ ауылындағы Ашбұлақ көшесінде тұрады. Ардагер 9 бала тәрбиелеп өсірген, 28 немере, 5 шөберенің ардақты атасы.
Қазіргі таңда да ол елдің қоғамдық-саяси өміріне бейжай қарамай, жастарға үлгі болып келеді.
