Төлеби ауданында ҚР «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні» мерекесіне орай дәстүрлі «Алтын күз – 2025» мерекелік іс-шарасы өтті. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бауыржан Қайратұлы шараға арнайы қатысып, сала еңбеккерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет Грамотасы», Түркістан облысының және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен, арнайы дипломдармен марапатталды. Мерекелік шара барысында аудан өнерпаздары шаруалар құрметіне концерт ұйымдастырды.
Айта кетейік, ауданда биыл 10 айда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 45,4 млрд теңгені құраған. Оның ішінде, өсімдік шаруашылығы – 21,8 млрд теңге, мал шаруашылығы – 23,5 млрд теңге. Ал, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 4,1 млрд теңгеге жетсе, тамақ өнімдері өндірісіне тартылған қаржы – 1,1 млрд теңге. 2025 жылы егілген егіс көлемі — 62,2 мың гектар, астық өнімділігі — 33,4 мың тонна. Бұдан бөлек, ауданда 55 мал бордақылау алаңы, 16 жанұялық сүт фермасы, 7 шағын құс фермасы ашылған. «Fish House» ЖШС 500 млн теңге инвестициямен балық өсіру жобасын іске қосқан. Су шаруашылығында каналдар тазаланып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
