Elordafocus.kz қоғамдық-саяси, ақпараттық-танымдық сайты
Қоғам

ШАРДАРА: РӘМІЗДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ ТУ КӨТЕРУ РӘСІМІ ӨТТІ

4-маусым Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне арналған «Рәміздерім — мақтанышым» атты іс-шара аясында, Шардара қаласының ең биік нүктесінде орналасқан «Шежіре» саябағында ту көтеру рәсімі өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков, аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қ.Ілесов, және басқа да мекеме қызметшілері қатысты.
Жиында сөз алған Б.Шомпиев:
«4-маусым Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне арналған «Рәміздерім — мақтанышым» атты іс-шараға қош келдіңіздер! Бүгін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Рәміздері күні мерекесіне орай Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатау арасы, ұлан-ғайыр қазақ даласының аспанында көк байрағымыздың желбіреп, әнұранымызды асқақта шырқайтын күн бүгін. Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болып, еліміздің еңсесі биік болсын! Байрағымыз көк аспанда желбіреп, Әнұранымыз шарықтай шырқалып, Елтаңбамыз символымыз ретінде мәңгілік жасасын»— деді.
Сондай-ақ, салтанатты түрде Әнұранымыз орындалып, патриоттық әндер шырқалды.
Айта кетейік, Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай аудан тұрғындарын мерекемен құттықтаған болатын: «Құрметті жерлестер! Елдің елдігін, мемлекеттілігін айқындайтын басты құндылықтар ол – елдің шекарасы, астанасы және мемлекеттік рәміздері. Баршаңызды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Өздеріңізге мәлім, 1992 жылдың 4 маусымында Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері бекітілсе, тура 15 жылдан кейін дәл сол күні, яғни 2007 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы қабылданған болатын.
Тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап еліміз өз алдына тәуелсіз мемлекет болумен қатар, тұғыры биік Туымызбен, елдің тарихы мен құндылығын әлемге танытар Елтаңбамызбен және елдің рухын көтеретін Мемлекеттік Әнұранымызбен айбынды ел бола білдік.
Мемлекеттік рәміздер – ұлттың анықтамасы. Сондықтан біздің әрбіріміз Отанды қалай құрметтеп, елімізді қалай сүйе алсақ, мемлекеттің нышандарын да сол дәрежеде қастер тұтып, құрметпен қарауға тиіспіз.
Кез келген егемен мемлекеттің тарихы ең алдымен оның мемлекеттік шекарасынан басталады. Тәуелсіздік жылдарындағы ең басты жетістігіміз – ата-баба аманаты – ұлан-ғайыр жеріміздің мемлекеттік шекарасы қалыптастырылды.
Аспан түстес байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатып, қыран бүркіттей елімізді аспан әлемінде қалықтатса, тұлпар тұрпатты Елтаңбамыз ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды жігерлендіріп, қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді.
Ұлттық патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге деген ыстық ықылас – адамның рухани болмысын айқындайтын асыл ұғым. Ал, Отанға деген сүйіспеншілікті әрбір жүрекке ұялататын елдің нышандары екені сөзсіз. Олай болса, Тәуелсіздік төсбелгісіне айналған рәміздерімізді құрметтеу, мақтан тұту әрбір азамат үшін қасиетті борыш.
Қымбатты ағайын!
Тәуелсіздігіміздің алтын күмбезі саналатын мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесі арта берсін деп, мерейлі мерекеде барлықтарыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еліміздегі тыныштығымыз бен бірлігіміз бекем болсын!», делінген құттықтауда.

Ұқсас жазбалар

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫН МАРАПАТТАДЫ

Admin

ТҮРКІСТАНДЫҚТАР ТУҒАН ҚАЛАСЫН ЖЫРҒА ҚОСТЫ

Admin

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕ МЫҢ ГЕКТАРДАН АСТАМ АУМАҚҚА СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ ЕНДІРІЛЕДІ

Admin