Созақ ауданы, Шолаққорған ауылындағы “Ту тұғыры” алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай мерекелік шара өтті, деп хабарлайды elordafocus.kz.
Мемлекеттік Әнұранды орындаумен басталған жиында сөз алған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков
-Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған рәміздеріміз біздің мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман тілегін жеткізетін құнды белгілер. Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, рәміздеріміздің мәртебесі асқақтай берсін,-деп тұрғындарды Мемлекеттік рәміздер күні мерекесімен құттықтады.
Сонымен қатар, Созақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев жүрекжарды лебізін білдіріп, рәміздердің қадір-қасиетін атап өтті.
Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйі өнерпаздары патриоттық әндер орындап, мерекелік шара Мемлекеттік Туды желбірете ұстаған автошеруге ұласты. Шолаққорған ауылының негізгі көшелерімен жүріп өтіп, мемлекеттік рәміздер ұлықталды.
Сонымен бірге, 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мерекесі қарсаңында Созақ ауылындағы Созақ жалпы орта мектебі гимназиясынан 20 жыл бұрын түлеп ұшқан азаматтар туған ауылын көркейтуге өз үлестерін қосты.
Мемлекеттік рәміздерді ардақтау мақсатында ауылға кіре беріс тұстағы «Жастар» саябағы алдына «Рәміздер аллеясын» ашып, биіктігі 25 метр болатын «Ту тұғырын» орнатты.
Бүгін Мемлекеттік Рәміздер күніне орай Созақ ауылдық округі әкімдігі мен ауыл жастарының ұйымдастыруымен игі іске арқау болған түлектердің туған жерге тарту еткен «Рәміздер аллеясында» Мемлекеттік Әнұран әуелете шырқалып, Мемлекеттік Ту асқақтата көтерілді.
